Accessibility links

«Болашақ» стипендиясына ауыл балалары аз ілігеді


Қазақ студенттер. Көрнекі сурет
Қазақ студенттер. Көрнекі сурет

Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер қабылдау ережесіне жаңа өзгертулер енгізілді. Қазақстан Республикасының шетелде мамандарды даярлау жұмысы жөніндегі республикалық комиссияның жетекшісі, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың айтуынша, осы стипендия бойынша шетелде оқуға тілек білдірушілерден құжаттар биылдан бастап жаңа ереже бойынша қабылданатын болады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлерді қабылдаудың жаңа ережелеріне сәйкес төрт санаттағы топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Бұған: ауыл мектебін тәмамдаған жастар; мемлекеттік қызметте 3 жыл еңбек еткен қызметкерлер; ғылыми қызметкерлер және жоғары оқу орындарындағы оқытушылар кіреді.

Білім және ғылым министрілігінің дамыту стратегиясы департаменті басқармасының бастығы Ақерке Абылайхан «Болашақ» бағдарламасына жаңадан енгізіліп отырған жеңілдіктер жайында «Азаттық» радиосына мынадай түсінік берді:

- Квота арқылы білім алатын азаматтардың жалпы конкурсқа қатысатын азаматтардан айырмашылығы - бұл кісілерге алдын-ала тілдік даярлық курстары жүргізілетін болады. Бұл жерде ауыл балаларының, мемлекеттік қызметкерлердің шет тілін төмен деңгейде меңгергені ескеріліп отыр.

Сонымен қатар енгізілген өзгерістер қатарында «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми қызметкерлердің ғылыми тәжірибеден өту мүмкіндігі де ескерілген деді министрлік өкілі.

Осыған дейін «Болашақ» стипендиясына үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі әңгімелесу арқылы анықталған болса, енді жаңа ережелерге сәйкес, үміткерлер «Қазтест» деп аталатын тест сынақтарын тапсыратын болады. «Қазтест» ағылшындық TOEFL жүйесі негізінде азаматтардың қазақ тілін қаншалықты меңгергені туралы ақпарат беретін жүйе. Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің қызметкерлерінің айтуынша, тестілеуге барлығы сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша 150 сұрақ кірген. Үміткер солардың кем дегенде 60 пайызына жауап беруі тиіс дейді мамандар.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім енгізілген жаңа ережелердің ойдағыдай жүзеге асатынына күмәнмен қарайды. Үміткерлерді іріктеу толығымен әділ өтуі үшін қоғамдық бақылау болғаны жөн дейді ол:

- Мұны бақылау қажет. Мысалы, президенттікке үміткер болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру қажеттігін біз білеміз. Ал кезінде сол емтиханнан қазақша білмейтін Ғани Қасымов та өтіп кетті. Сондықтан бұған қоғамдық бақылау қою керек. «Сәлеметсіз бе?» мен «Сау болыңызды» ғана білетін адамды қазақ тілін біледі деп, баға қойып, оны «Болашаққа» жібере беруге болмайды. Сол емтиханның шын деңгейде өткенін, тек қана қазақ тілін жақсы білетін адамдардың шетелге баруын біз өзіміз қадағалауымыз қажет.

23 жастағы Болат Әлқожа «Болашақ» стипендиясы жөнінде былайша өз ойымен бөліседі:

- «Болашақ» стипендиясы бойынша шетелге таза жолмен барып жатыр дегенге сенбеймін. Оған тек қана байлардың, қалталылардың балалары барып жатқанын елдің барлығы біледі ғой.

Алматы қаласының тұрғыны Ләззат Сәкенқызы қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша шетелде білім алып жатқан қазақстандықтар турасында былайша пікір білдіреді:

- Канадада, Америкада оқып жатқан студенттердің көбісі сол жерден жұмыс істеуге ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Көп жағдайда олар өз мансабын көтеруді мақсат етіп сол жақта қалып қояды. Оларға сол жақта қалмау шарты қойылған да шығар. Бірақ, оны көбісі орындай бермейді. Шарттарын қаталдату керек деп ойлаймын. Сол жағдайда ғана олар елге оралады.

Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» халықаралық стипендиясына 3953 қазақстандық ие болды. Деректер олардың арасында ауылдан шыққандардың аз екенін көрсетіп отыр. Соңғы 3 жыл көлемінде 500-ге жуық ауыл мектебінің түлегі осы бағдарлама бойынша стипендиат атаныпты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG