Accessibility links

Үкімет әзірлеп жатқан БАҚ туралы заң жобасынан қоғамдық ұйымдар бейхабар


Қазақстандық БАҚ. Көрнекі сурет
Қазақстандық БАҚ. Көрнекі сурет

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етейін деп отырған Қазақстан аталған ұйым алдында өзге де міндеттермен қатар, елдегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға реформалар енгізу міндетін алған болатын. Және де бұл реформалар үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, журналистік қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып, «БАҚ туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Әйткенмен тәуелсіз сарапшылар заңдағы сөз бостандығын шектейтін баптарға билік көз жұма қарайтынына сын айтады.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Қазақстанның қолданыстағы «БАҚ туралы» заңын азаматтық қоғам талаптарына сай емес деп сипаттайды.

- Қандай да бір ақпарат құралын тіркеу үшін шенеуніктерден рұқсат алуың керек. Билік туралы сыни мақалалар тарататын ақпарат құралы болсаң, сені ешқашан тіркемейді. Мәселен, менің осыған дейін республика көлемінде қандай да бір басылым ашуға деген үздіксіз талпыныстарымның бәрі босқа кетті, - дейді С.Дуванов.

Сондықтан елдегі жұмыс істеп тұрған «БАҚ туралы» заңның кейбір баптары өзгертуді талап етеді дейді ол. Қоғамда «БАҚ туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігінің үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қолға алғандығы туралы сөз болып келді.

Министрліктің сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, қарастырылып жатқан заң жобасы қолданыстағы заңды либералдандыруға бағытталған. Сондай-ақ, ол үшін үкіметтік емес ұйымдардан құралған арнайы жұмыс тобы құрылғаны жөнінде жазылған. Десек те оған кірген үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, министрлік жұмыс істеп тұрған заңның кем-кетіктерін толтыруға шын мәнінде ниет етпей отыр.

Сөз бостандығының жағдайын зерттейтін «Әділ сөз» сөз халықаралық қорының президенті Тамара Калеева «Азаттық» радиосына аты бар, заты жоқ жұмыс тобының ұсыныстарына биліктің зәру болмай отырғанын айтады:

- Біздің білетініміз, жұмыс тобы осыған дейін бір-ақ рет - 13-ші мамыр күні жиналып жұмыс жасады. Оған кірген 19 адамның 13-і шенеуніктер, қалғаны үкіметтік емес ұйым өкілдері. Бұл басқосуда министрлік 4 ұсыныс айтты. Олардың қайсыбірі айтқанға әдемі боп көрінгенімен, шын мәнінде ешнәрсені де шешпейді. Мәселен, олар тіркелмеу құқығына тек радио мен телеарналар ғана ие болсын деген ұсыныс айтады. Яғни, бұл дегеніңіз басылымдар үшін тіркелу шарттарының бітпес қиындығы баяғыша қала береді деген сөз.

Заң жобасына қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне үкіметтік емес ұйым өкілдері өз тарапынан ұсыныстар жасаған. Алайда оған министрліктің құлақ асатынына үкіметтік емес ұйым өкілдері сенімді емес.

- Біз өз тарапымыздан ақпарат құралдарын тіркеуді шын мәнінде оңайлату туралы, журналистерді қылмыстық жазаға тартуды алып тастауды, және өзгедей бірқатар ұсыныстар жасадық. Біздің ұсынысымызды министрлік өкілдері тыңдап, оларды келесі жиында талқылауға уәде берумен шектелді. Ал маусым айына белгіленген жиын болған жоқ. Содан бері министрлік заң жобасын қарастырып жатыр ма, жоқ па - одан бейхабармыз, - дейді Тамара Калеева.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов елдегі заң жобаларының қоғам талқысынан өтпейтініне сын айтады:

- Мәселен, баспасөз беттерін қараңыздар, қай газетте, қай басылымда Үкімет өзінің жобасын ұсынып, соны жұртшылық талқылап жатыр? Басқа демократиялық мемлекеттерді айтпағанда, баяғыда қатып қалған, семіп қалған коммунистік режимнің кезінде де заңның жобалары ресми түрде, формальды түрде болса да, алдын-ала газетте жарияланатын. Оған жұртшылық өзінің пікірін айтатын. Ал қазіргі Қазақстанда тіпті сондайдың өзі жоқ.

Сонымен, кейбір сарапшылар БАҚ туралы жаңа заң қабылданса, оның елдегі сөз бостандығы жағдайына еш әсері болмайды деген болжам жасап отыр. Мамандардың айтуынша, үкімет әзірлеп жатқан заң жобасы осы жылдың қыркүйек айында Парламенттің талқылауына түсуі тиіс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG