Accessibility links

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан: Шетел асатын бір баланың құны 80-100 мың доллар


Өткен аптада Ресей үкіметі балаларды асырап алу жөнінде қызмет көрсететін кейбір халықаралық ұйымдардың рұқсатнамасын кері қайтарып алды. «Азаттық» радиосының таратқан мәліметіне сүйенсек, бұған шетелдіктердің ресейлік балаларды асырап алуы төңірегінде жүргізілген тексеріс нәтижесі түрткі болған. Қазақстандық кейбір сарапшылар көрші Ресейдің бұл әрекеті Қазақстанға да үлгі болуы тиіс дегенді айтып отыр.

Қазақстанның «Неке және отбасы туралы» заңына сәйкес, шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алуына рұқсат етілгенімен, кейбір мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бұрындары парламент мінберінен бұл мәселені бірнеше рет көтерген экс-депутат Амангелді Айталының айтуынша, шетел асып кеткен барлық балалардың жағдайларын бақылауға Қазақстанның мүмкіндігі жетпейді.

- Көптеген елдердің заңы бойынша, ол балалар біздің азаматтар болып есептелінбейді. Мысалы, АҚШ азаматы болып есептелінеді. Сондықтан олар балаларды асырап алғаннан кейін, өзге елдің азаматы болғаннан кейін, ол балалардың жағдайын, денсаулығын, тәрбиесін сұрау сол отбасының ішкі ісіне араласу болып саналады. Сол себепті оған бақылау жоқ деп айтуға болады.

Мамандар бұл мәселені кейбір халықаралық конвенцияға қол қойып шешуге болатынын айтады. Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан қазақстандық балалардың шетел асып кетуіне мүлде қарсы.

- Жасырын нәрсе емес. Шетел асатын бір баланың құны 80-100 мың доллар көлемінде. Олардың барлығы көлеңкелі бизнеске айналып кеткен. Қазақстан заңын реттеу барысында «Неке және отбасы» туралы заңының 76-бабын өзгертуді - Қазақстанда шетелге бала беруге тыйым салу туралы ұсынысты біз өткізе алмай келеміз. Күзде барғаннан кейін осы мәселені қайта көтеретін боламыз.

Бейресми дерек бойынша, Қазақстанда шетелдіктерге бала асырау жөнінде қызмет көрсететін 50-ге жуық халықаралық агенттік бар көрінеді.

- Қазақстан қандай мекемелермен жұмыс істеп жатыр? Қазір заң бойынша осыларды реттеуге мүмкіндік болғанымен, оған Қазақстан салғырт қарап отыр, - дейді депутат Қалижан.

Кейбір деректер бойынша, Қазақстанда бала асырау мәселесі төңірегінде заң бұзушылықтар жиілеп кеткен. Мәселені нақтылау мақсатында Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Білім және ғылым министрлігі жанындағы балалар құқығын қорғау комитеті өкілдеріне хабарласқанымызбен олардан жауап ала алмадық.

Заң бойынша, ҚР-ның азаматы болып табылатын балаларды тек қазақстандық отбасының қамқорлығына беру мүмкіндігі болмаған кезде ғана оларды шетелдіктерге беруге болады. Кейбір деректер бұл ереженің сақталмай отырғандығынан хабар береді.

Статистикалық мәлімет бойынша, соңғы 8 жылда 7 мыңнан астам қазақстандық бала шетелдік отбасының асырауына берілген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG