- Дүниежүзілік қаржылық дағдарысқа үкімет реакция танытуда кешігіп келеді. Ол біздің саяси жүйемізге де байланысты. Үкімет қандай да бір қадамдарды президентсіз жасай алмайды. Шын мәнінде ол өз бетінше жасай алуы тиіс. Сол себепті кешігіп қалып жатыр.
Дағдарыс ызғарынан қарапайым жұрт қорғансыз қалуда. Бұл көп жағдайда ескерілмей келеді дейді сарапшы:
- Мәселен, бюджет саласындағы мамандарды алсақ, олар айлықты уақытында алғанмен барған сайын кедейленген үстіне кедейленуде. Қазір жұрттың көбінде несиесі бар. Үкімет банктерге ақша бергеннен бұрын халыққа бергенде банктер қарыздарын жабатын еді, халықтың да жағдайы түзелетін еді.
Осы мәселе төңірегінде өз оймен бөліскен саясаттанушы Айдос Сарым дағдарыс жағдайында билік тарапынан қандай да бір ұтымды шаралар жасалмағанын айтады:
- Қазір АҚШ болсын, Ресей болсын, басқа елдер болсын өзінің экономикасына миллиардтап қаржы құйып жатыр. Тиісті заңдарды қабылдап жатыр. Кеше президент үкімет пен парламент бір айдың ішінде осы сияқты бағдарламалар жасап шығару керек деп айтып жатыр. Бұл нені білдіреді? Бұл биліктің әлі күнге дейін дағдарыс жағдайында жұмыс істеуге дайын еместігін көрсетеді. Екіншіден, парламенттің олқылығы үкіметтің жұмысын тығырыққа тіреп жатыр. Парламент тарапынан ешқандай сын айтылып жатқан жоқ. Дәл осындай жағдай болса, кез келген елде ұлттық банк болсын, қаржы министрі болсын, парламенттен шықпай өз жұмыстарын дәлелдеп жатады.
Айдос Сарымның айтуынша, саяси жүйеде біржақты бағыт ұстанған үкіметтің тығырыққа тірелгені соншалықты өзінің эконоимкалық жоспарларына зиянын тигізіп жатыр. Десек те, дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын ұсынуда елде барлық саяси күштер мен топтар да әлсіздік танытып отыр дейді ол.
Ал экономист Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін табиғи шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай отыр.
- Қазіргі қиындықтардың барлығы – соңғы уақытта жүргізіп жатқан экономикалық саясаттың «жемісі». Біз егемендік алғаннан кейін егемендік саясат жүргізуміз керек. Біз өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететін мемлекетке айналуымыз керек. Сонда ғана әлемдік дағдарыстың қаңғыған «оғынан» аман қаламыз.