Ресейлік "Спутник V" екпесінің бағасы "20 доллардай" болады
Ресейлік "Спутник V" вакцинасын қаржыландырушылар мен жасаушылар халықаралық нарықта екпенің екі дозасы 20 доллардай болады, ал ресейліктер тегін алады деп мәлімдеді. Бір адам бұл екпенің екі дозасын алуы тиіс. Ресейлік екпенің әлемдік нарықтағы бағасы 24 қарашада жарияланды.
"Спутник V" екпесі Pfizer вакцинасынан (екі дозасы 31 еуро) арзан, бірақ Оксфорд пен AstraZeneca вакцинасынан (бір дозасы 3 доллар) қымбат.
Ресейдің тәуелсіз қоры (РФПИ) мәлімдемесінде Мәскеу мен оның шетелдегі серіктестері келесі жылы 500 млн адамға жететін бір миллиардтан аса доза жасауға қауқарлы деп мәлімдеді.
24 қарашада РФПИ, Ресей денсаулық сақтау министрлігі және "Спутник V" вакцинасын жасаған мемлекет қаржыландыратын Гамалеи атындағы ұлттық орталық екпе 28 күннен соң 91,4 пайыз, 42 күннен соң 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеді.
Олар сынақ кезінде 22 мың ерікті бір доза, 19 мың ерікті екі доза алғанын мәлімдеді. Гамалеи атындағы орталықтың дерегінше, сынақ Ресей, БАӘ, Венесуэла, Беларусьте өткен.
Осыған дейін америкалық-германиялық Pfizer/BioNTech, америкалық Moderna және Англияда Оксфорд пен AstraZeneca өздерінің вакцинасы 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген.
16 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес бойынша жиында елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары барын мәлімдеген.
Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 7 адам қайтыс болды
23 қарашада Қазақстанда 20 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, бір күнде 30 науқас жазылды. Пневмонияның бұл түрінен 1 адам қайтыс болды.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 41 223 адамға жеткен, 30 116-ы жазылған. 428 адам қайтыс болған.
Дүйсенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен дәлелденген науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелді. Наурыз айынан бері 1996 адам қайтыс болды. Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың өліміне "коронавирус" себеп болды дейді.
Американың Джонс Хопкинс университетінің рейтингісінде Қазақстан коронавирус жұқтырғандар бойынша әлемде 50-орында тұр. Бірақ халықаралық ұйым коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген ұлттық статистикаға (оған сәйкес, Қазақстанда 126 мыңнан астам адамға Covid жұққан) сүйеніп, рейтингіні түзген.
Елде коронавирус жұқтырғандар мен "пневмонияға" шалдыққандар 168 083 адамға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония түрін Covid-ке жатқызып, екі мәліметті бірге есептеуге кеңес берген. Көрші Қырғызстан екеуін бірге есептеп келеді. Қазақстан әзірге кеңеске құлақ түрген жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы "пневмония" ахуалы жайлы мәліметті сирек жариялайды.
Қазір коронавирус инфекциясынан – 11 мың, коронавирус пневмониясынан 11 мың адам емделіп жатыр. Коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 211 адамның жағдайы – ауыр, 28 адамның халі – өте ауыр, 24 адам тыныс алу аппаратына қосылған.
Көптеген сарапшылар Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми мәліметте көрсетілген саннан әлдеқайда көп деп санайды.
23 қарашада коронавирус жұққан 678 науқас анықталды, 840 адам жазылды
Кеше, 23 қарашада Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 678 адам анықталды. Бір күнде 840 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, дүйсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (154) тіркелген. Павлодар (108) мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (105) бір күнде 100-ден астам науқас табылған.
Қостанай облысында - 70, Ақмола облысында – 68, Алматы қаласында 46 адамнан коронавирус табылған. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында бір тәулік ішінде науқас тіркелмеген.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 126 860 адамға жетті: 113 мыңнан астамы жазылған, 1990-ы қайтыс болған.
Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 41 203 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 427 адам қайтыс болған, 30 мыңнан астамы жазылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус картасында екі мәлімет (коронавирус пен коронавирус пневмониясы есебі) қосылып көрсетілгенмен Джонс Хопкинс университеті коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендерді ғана картасына енгізіп отыр. Қазақстан билігі басында бұл екі мәліметті біріктіріп көрсетуге уәде бергенмен орындамады.
Қазақстанның коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.
Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды.
Қазақстанда коронавирус ахуалы қандай?
- 23 қарашадағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 167 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2300-ден аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырған және коронавирустық пневмонияға шалдыққан 142 мыңнан аса адам дерттен айықты.
- Үкімет кейінгі күндері елде вирус жұқтырғандардың саны өсіп келеді деп мәлімдеді. Қазақстан билігінің мәліметінше, инфекциялық ауруханалардағы орындардың 22 пайызы, реанимациялық ауруханалардың 17 пайызында Covid індетіне шалдыққандар жатыр.
- Елде R көрсеткіші 1,07-ге тең. R – бір адамның қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін өлшем бірлігі. Әдетте R көрсеткіші 1-ден төмен болған жағдайда вирустың тарауы бақылауда деп есептеледі.
- Үкіметтің хабарлауынша, ШҚО, Павлодар, СҚО, Қостанай, Ақмола облысы "қызыл аймақта", Нұр-Сұлтан мен БҚО "сары аймақта", қалған облыстар мен Алматы қаласы "жасыл аймақта". Министрлік вирустың тарауына байланысты елдегі облыстар мен ірі қалаларды "қызыл", "сары" және "жасыл" деп үш аймаққа бөлген. Вирус қатты тарап жатқан облыстар "қызыл", ал вирус жұқтырғандар саны аз облыстар "жасыл аймақта".
- Министрліктің дерегінше, қазір елде коронавирус жұқтырған 11386 адам емделіп жатыр. Олардың 3225-і ауруханада, 8161-сі үйде. Вирус жұқтырып емделіп жатқандар арасында 644 бала бар.
- 200 науқастың жағдайы ауыр. Оның 30-ының халі өте ауыр. 22 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
- Вирус өршіп тұрған ШҚО-да 180 науқасқа иммундық плазма (коронавирустан жазылғандардың қаны) құйылған.
ПІКІРЛЕР