Accessibility links

Тараздық журналист баспанасыз қалуы мүмкін


Осыдан 3 жыл бұрын Таразда «Астана» атты жаңа ықшам ауданының құрылысы басталған кезде, облыстық газетте істейтін Наталья Морянова бюджеттік мекеменің қызметкері ретінде қажетті құжаттар жинап баспанаға кезекке тұрады. Ал келесі жылы баспасөз күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімінің қолынан пәтер кілтін алады. Алайда Натальяның қуанышы ұзаққа созылмайды. Бір жылдан соң қалалық прокуратура Натальяға пәтердің заңсыз берілгендігін ескертіп, оны босатуды талап етеді. Прокуратура мұның себебін «Знамя труда» газетінің жергілікті бюджеттен қаржыландырылғанмен, оның бюджеттік мекеме болып саналмайтындығымен түсіндіреді. Сәйкесінше, бюджеттік мекеменің қызметкері ретінде алған пәтері де заңсыз болып шығады. Бұған Наталья Морьянова қатты наразы:
- Тіпті алғашында заңсыз берілсе де пәтерді қалдырулары тиіс. Себебі, менің күйеуім 2-ші топтағы мүгедек, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топқа жатады. Бұл жерде прокуратура кінәлі. Егер олар сол кезде бірден тексеріс жүргізіп, бірден пәтерді қайтарып алғанда біз пәтерді жөндеу үшін несие алмас едік. Ол кезде күйеуім де сау болатын. Енді туыстарымыздан алған ақшаны де қайтара алмаймыз.
Ал, Натальяның күйеуі Дмитрий Иванов «Азаттық» радиосына сол жолғы баспасөз күніне орай өткізілген шарада мекеме тарапынан берілген баспанаға өздерінен басқа тағы да үш журналистің ие болғандығын айтып берді.
- Ол журналистер акционерлік қоғам болып табылатын, жекеменшік газеттерде істейді. Оларға ешқандай прокуратура тарапынан бұл секілді талаптар қойылмады. Біз ол журналистердің үйлерін тартып алғанын қаламаймыз. Олардың да бала-шағалары бар. Мен мұны тек әділеттілік үшін айтып отырмын. Біз бұл мәселені қозғағаннан кейін ғана олардан прокуратура талап ете бастады. Мен құқық қорғау орындарының неге бізге ғана шүйліккенінін түсінбеймін. Мүмкін, бұл облыстық прокуратураның ұпай теңестіруі болар. Себебі, газеттің бас редакторы болып жүргенде бізде талай жанжалды мақалалар жарық көрді, - деді ол.
Десек те сұхбаттасымыздың басындағы жағдайдың өзінің кәсібімен байланысты-байланысты емес екендігі белгісіз болып отыр. Бұл мәселеге орай түсініктеме алу үшін Жамбыл облысының қалалық, облыстық прокуратурасына хабарласқанымызбен ешқандай жауап ала алмадық.
Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Калеева бұл жағдайды төмендегіше бағалайды.
- Бұл жалпы азаматтық қоғамның мәселесі. Ол біздің шенеуіктердің жауапкершілік деңгейін, біздің құқық қорғау орындарының біліктілік деңгейін көрсетіп отыр. Қандай жағдай болмасын, мемлекет өз азаматтарының жағдайын ойлауы керек. Әкімшіліктегі қандай да бір шенеуіктің қателескені үшін кінәсіз адамдар жауап бермеуі керек.
Қазір бұл мәселеге Наталья Морянова мен Дмитрий Ивановтың республикадағы әріптестері де араласты.
- Оларды үйден шығарады деген соң біз шу көтердік. Сонан кейін премьер-министрге, Бас прокурорға және Жоғарғы сотқа біз мәлімдеме жасадық. Оны біз кеше Астанаға жібердік. Енді қандай жауап болады екен деп күтіп отырмыз, - деді жұма күні «Азаттық» тілшісіне Қазақтан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
Қазіргі таңда Ивановтар әулеті мекемелік баспанада тұрып жатыр. Оларға онда бір апта көлемінде ғана тұруға рұқсат етілген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG