Accessibility links

Серік Әбдірахманов: «Саясаттан кетемін, тек билік маған тиіспесе болды»


Серік Әбдірахманов. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл.
Серік Әбдірахманов. Астана, 28 желтоқсан 2010 жыл.

Серік Әбдірахманов қаңтардың 26-сы күні Азаттық радиосына берген сұқбатында «Әділет» партиясының қатарынан шыққанын растап, егер «билік өзіне тиіспейтін болса» енді үлкен саясаттан кетіп, шығармашылықпен шұғылданбақ ойы барын айтты.




– Серік мырза, «Әділет» партиясының қатарынан кетуіңізге не себеп болды?

– Мен саясаттан демалайын дедім. Бар құпиясы осында. Алты рет депутат болдым, пәленбай жыл Коммунистік партияның, «Нұр Отанның» қатарында жүрдім. «Әділет» және басқа партияларды да көрдім, саясатты көрдім. Енді кішкене саясаттан демалайын деп, арызымды жазып еркін түрде кеттім. Ешкім мені қуған жоқ.

– Сіздің партиядан кету туралы шешіміңізді елдегі референдуммен байланыстырған пікірлер бар. Дәл қазір мұндай шешім қабылдауға не түрткі болды? Әлде біреулер ой салды ма?

– Жоқ, мен біреудің нұсқауымен, ақылымен жүретін жас бала емеспін. Өзім шештім. Халық, амандық болса, референдумға шығады, дауысын береді. Менің болжамым – 70 пайыз, «Нұр Отанның» болжамы – 99 пайыз. Әйтеуір өтеді, болады референдум. Халықтың қалауы солай болатын шығар. Айтарымды айттым, жоспарымды орындадым. Еркін түрде саясаттан демалайын деген шешімге келдім.

– Сонда бұл демалысыңыз уақытша болмақ па? Қашан қайтып келмексіз?

– Маған тиіспесе, бұл демалыс демалысқа созылады. Маған билік тиіспесе, заңсыз шүйлігуін қойса, бітті – саясат маған тиіспесе, мен саясатқа тиіспеймін де, араласпаймын да. Сондай шешімге келдім.

– «Әділеттен» шығуыңызды партия мен сіздің көзқарастарыңыз өзгерді деп түсіну керек пе? Әлде «Әділетті» әлі де қолдайсыз ба?

– Енді қолдайтын жерлері бар... Мен, мысалы, Назарбаевты 70 пайыз қолдаймын, ал оның жанында жүргендер 100 пайыз қолдайды. Сол секілді «Әділетті» де қолдайтын жерлері көп. Пікірталас болатын. Қолдайтын жерлерін қолдап, қолдамайтын жерлерін айтып отырдым. Партияның жалпы алған бағыты дұрыс, мүмкіндігі мол, зиялы қауым жиналған. «Әділет» енді өз жұмысын одан әрі жалғастырып, бар мүмкіндігін пайдаланып, халқына қызмет етеді деген сенімдемін. Ешқандай өкпе жоқ. Ешқандай реніш, ұрыс-талас деген жоқ. Менің өзімнің ойланып-толғанып қабылдаған шешімім бұл.

– Сіздің орныңызға кім болады? Әлде оны партия өкілдері шешеді ме?

– Менің орным – мен келгеннен кейін пайда болған орын ғой. Сол себепті оны саяси кеңес шешеді. Әлгі шопан таяғын баласына ұстатқандай емес, бұл саяси партия болғандықтан өздері біреуді тағайындар.

– Өзіңізге бұл шешімге келу қиын болды ма?

– Енді мұндай шешімге келу оңай емес. Таразыға салдым, сосын жастарға жол берейін дедім. Жастар ұмтылды «Әділетке». Ұсыныстар айтып жатты. Бір ұсынысын түсінсем, ендігісін түсінбедім. Содан кейін «сол жастарға кедергі болмайын, өздерін көрсетсін, істесін» дедім.

– Ал сіздің жасыңыз қаншада қазір?

– Бұйыртса, биыл алпысқа келемін.

– Зейнеткерлікке әлі ертерек қой, немен айналыспақ ойыңыз бар?

– Бала-шағаның қамы, тіршілік. Кітап жазып жатырмын. Саясат уақытымды көп алып кетеді. Жүйке тозады. Сондықтан өзімнің біраз ойларым бар. Желтоқсанның 25 жылдығы, тәуелсіздіктің 20 жылдығы дегендей. Мен осыған үлесімді қоссам деймін. Менің айтар сөзім бар, көргенім, білгенім бар. Біреуді қаралау емес, пәлсапалық тұрғыда өткен-кеткенді түйіп, оны халқыма жеткізсем деген ойым бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Жұлдыз» журналына Желтоқсан туралы шағын естелігім шықты. Содан кейін бірқатар жағымды пікірлер айтылды. Сол сияқты тағы басқа ойларым бар, соларды жүзеге асырсам деймін.

– Саясатта жүргеніңізге неше жыл болды?

– Мен енді туғанымнан саясаттамын ғой. Мектептің жоғарғы сыныптары мен студенттік кездерден белсенділік танытып, 1971 жылы коммунистік партияға өттім. Содан бері саясаттамын. Биыл, бұйыртса, 40 жыл толады екен. Сол себепті қорытындылайтын да кез келген болар. Енді арғы жағын өмір көрсетеді. Мені үнемі халық сайлап келді. Халқымыз аман болса, Серік Әбдірахманов деген ұмытылмайды деген ойдамын. Кішкентай атым бар, соған қанағат.

– Қанша балаңыз, немереңіз бар?

– Үш балам, екі немерем бар. «Саясатыңды қой» деп үнемі ақыл айтып отыратын шешем бар. Қатты үкіметті сынасам, «қой балам, екінші мұныңды естімейтін болайын» деп маған ұрсатыны бар.

– Сұқбат бергеніңізге рақмет.

Анықтама:

2008 жылдың күзінен осы кезге дейін президентшіл «Әділет» демократиялық партиясы төрағасы бірінші орынбасары болған Серік Әбідрахмановтың саясаттағы мансабы 1970-жылдары комсомолдан өсті.

1976 жылы Алматының Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Серік Әбдірахманов 1979-1981 жылдары әуелі Алматы қалалық, одан соң Алматы облыстық комсомол комитетін басқарды.

1981 жылдан 1987 жылдың басына дейін Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

Біраз жыл Алматы үй құрылысы комбинатының бас маманы болып жұмыс істеген соң, 1990 жылы Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.

1991 жылы Қазақ ССР президентінің кеңесшісі болып тағайындалып, бұл қызметті бір жыл атқарды.

Серік Әбдірахманов төрт рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің, екі рет Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланған.
XS
SM
MD
LG