Accessibility links

Бапкерлер отставкаға, фанаттар үйіне кетті


Португалиядан ұтылған Голландия ойыншысы Роббен. Харьков, 17 маусым 2012 жыл
Португалиядан ұтылған Голландия ойыншысы Роббен. Харьков, 17 маусым 2012 жыл

Польша құрамасының бас бапкері Францишек Смуда отставкаға кетті. Ал Голландия жаттықтырушысы Вен Марвейктің қызметте қалу-қалмау мәселесі алдағы күндері белгілі болады.

Смуда Польша құрамасын жаттықтыруды 2009 жылдың қараша айында бастаған. Ол үш жыл бойы Польша футболшыларын Еуро-турнирге дайындады. Алайда поляктар биылғы біріншіліктің ширек финалына шыға алмады.

63 жасар футбол бапкері «Жұмысым бітті. Польша футбол қауымдастығымен келісім-шартым Еуропа чемпионатынан кейін аяқталуы тиіс болатын. Егер бұл жарыста құрама жақсы ойнаса, жалғастыра берер едім. Бірақ жоспарым орындалмады. Жігіттерге рақмет» деді «Еуроспорт» арнасына берген сұхбатында.

Ал Нидерланды корольдігінің футбол федерациясы құраманың бас бапкері Берт ван Марвейкті отставкаға жіберу-жібермеу мәселесін шілде айының ортасында қарайды. Бұл туралы федерация басшысы Берт вен Оствеен арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Ресей құрамасының бас бапкері Дик Адвокат (сол жақта) пен Ресей футбол федерациясының президенті Сергей Фурсенко. Варшава, 10 маусым 2012 жыл
Ресей құрамасының бас бапкері Дик Адвокат (сол жақта) пен Ресей футбол федерациясының президенті Сергей Фурсенко. Варшава, 10 маусым 2012 жыл

- Жағдайды жан-жақты қарап шығамыз. Нақты шешімді шілде айының ортасында жариялаймыз. Ал қыркүйек айында құрамамыз әлем чемпионатының іріктеу жарыстарын бастайды. Сондықтан бұл мәселені тез шешуіміз қажет, - деді Оствеен журналистерге берген сұхбатында.

Ресей құрамасының бас бапкері Дик Адвокат та ресми түрде жұмысынан кетті. Ресейлік басылымдардың жазуынша, Адвокат Еуропа чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін бірден Голландияға ұшып кеткен.

Ал Швеция құрамасының жанкүйерлері жаппай елдеріне қайтып жатыр. Маусымның 19-ы күні өтетін Швеция-Франция ойыны - шведтер үшін маңызсыз. Бұл ойында жеңіске жетсе де, Швеция топтан шыға алмайды. Сондықтан 10 мың швециялық фанат қазір елдеріне қайтып кеткен.

Швециядан келген делегаттар мен жанкүйерлерге жауапты компания өкілі Ингу Седерлунда «Р-Спорт» порталына берген сұхбатында: «Англия-Швеция арасындағы ойынды 20 мың швед жанкүйері тамашалаған. Ал қазір олардың тең жартысы елге ұшып кетті. Демек, Франциямен ойында 8-9 мың ғана жанкүйеріміз болуы мүмкін. Қазір бұл матчқа билет алған фанаттар билеттерін сатып та жатыр» деді.
XS
SM
MD
LG