Telegram мессенжерінің иесі, миллиардар Павел Дуров Париж әуежайында ұсталып, қамауға алынды. Бұл жөнінде француздың TF1 LCI және BFM TV арналары хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, оны Әзербайжаннан ұшып келген жерінен ұстап әкеткен. Ол Францияға жеке бизнес-джетімен ұшып барған. Телеарна дереккөздерінің айтуынша, құқық қорғау органдары Дуровты тергеу үшін қамауға алған. Жексенбі күні прокуратура қылмыстық іс қозғау мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұлтартпас шарасын қолдану мәселесін де шешеді.
Дуровтың ұсталғанын Франция билігі ресми түрде хабарламады. Франция ІІМ және полициясы ақпаратқа түсініктеме бермеді. Алайда дереккөзге сүйенген TF1 арнасының хабарлауынша, Дуровтың мессенжері заңсыз есірткі айналымы мен балаларға қатысты қылмыс, алаяқтықтың көбеюіне ықпал етіп отыр деген күдікке ілініп отыр. Telegram Франция билігімен әріптестік орнатудан бас тартқан.
Арнаның хабарлауынша, Дуровты тұтқындау туралы ордер бұрын шығып қойған, кәсіпкер Францияға келгеннен кейін ордер күшіне енген.
"Ол бүгін кешке қателік жберді" деді дереккөздердің бірі телеарнаға.
TF1 дереккөздерінің айтуынша, Дуров қылмыстық іс бойынша айыпталушы атанып, тергеу изоляторына қамалуы мүмкін. Тергеу органдары миллиардер ақша мен ықпалын пайдаланып, оңай сытылып шығуы мүмкін деп санайды.
2021 жылы Ресейден кеткен Павел Дуров шамамен он жыл бұрын Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған. Компанияның кеңсесі де сол жерде.
Бұрын ВКонтакте желісінің негізін қалаған Дуров 2013 жылы Telegram мессенжерін жасаған. Бұл әлем бойынша танымалдығы жағынан төртінші орында тұрған желі. Дуров шілде айында Telegram-ның әлем бойынша 950 млн белсенді қолданушысы барын айтқан. Мессенжердің құны 30 млрд долларға бағаланған.
Бұған дейін Дуров Telegram еркін орта ретінде қалуға тиіс деп мәлімдеген. Ол Ресейдің арнайы қызметі немесе өзге елдердің арнайы қызметімен байланысын жоққа шығарған. Дегенмен Telegram өкілдері мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша құқыққа қайшы контенттерді өшіруге дайын екенін мәлімдеген.
Ресейде көптеген шетелдік желілер бұғатталып жатқан тұста мессенжердің ерекше танымалдығы артты, оны мемлекеттік және кремльшіл, тәуелсіз БАҚ пен блогерлер пайдаланып жатыр. Дуров ұсталғаннан кейін ол құрған TON криптовалютасы бір сағатқа жуық уақыт ішінде 15 пайызға арзандады. Мессенжер өкілдері оның ұсталуына пікір білдірмеді. Азаттықтың Орыс қызметі мессенжерге сауал жіберді.