WSJ: Илон Маск Путинмен тұрақты түрде байланыста

Илон Маск

Америкалық миллиардер Илон Маск Ресей басшысы Владимир Путинмен тұрақты түрде хабарласып отырады. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар АҚШ, Еуропа мен Ресейдің қазіргі және бұрынғы ресми тұлғаларына сүйенген Wall Street Journal басылымы жазды. Олар жеке мәселелермен қатар іскерлік және геосаяси мәселелерді де талқылайды.

Басылымның Ресей барлау қызметіндегі дереккөзінің айтуынша, Путин Масктан Starlink-ті Тайваньда іске қоспауды сұраған. Дереккөздің айтуынша, мұндай өтінішті Путин сауда және санкцияны айналып өтуде жиі арқа сүйейтін Қытай алдындағы "қарызын өтеу мақсатында" жасаған болуы мүмкін.

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігінің өкілі WSJ басылымына жағдайдан хабары жоқтығын және түсініктеме бере алмайтынын айтқан.

Масктің өзі басылымның сұрақтарына жауап бермеген. Бұған дейін ол АҚШ-та Ресей мүддесін алға тартты деген айыптауларды жоққа шығарған. Масктің сөзінше, оның компаниясы Ресейдің рөліне рұқсат келтіруге көп күш салған.

WSJ мәліметінше, Путин мен Маск арасындағы қарым-қатынасқа Байден әкімшілігіндегі кейбір тұлғалар ұлттық қауіпсіздік тұрғысында алаңдайды. Масктың SpaceX компаниясы ғарыш саласында Пентагон мен NASA-ның тапсырыстарын орындайды және "өте құпия" ақпараттарды да біледі.

Дональд Трамптың сайлауалды кезеңінде оны қатты қолдап жүрген Маск өте құпия құжаттарды көруге рұқсаты бар екенін мәлімдеген.

Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Путин Маскпен тек бір рет қана телефон арқылы сөйлескенін, әңгіме ауаны "ғарыш және болашақ технология" жөнінде болғанын айтты. Песковтің сөзінше, Путин де, ресейлік шенеуніктер де Маскпен тұрақты келіссөз жүргізбейді.

Путинмен әңгімелескенін Масктің өзі де бұған дейін растаған. Оның сөзінше, екеуі 2021 жылы бір рет сөйлескен және ғарышты талқылаған

Кейінгі жылдары Маск Аргентина президенті Хавьер Милей және Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарумен бірнеше рет кездескен. Ол 2024 жылы шілдеде Трамптың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.

Трамп сайлауда жеңген жағдайда Маскті "тиімділік жөніндегі үкімет комиссиясының" жетекшісі етіп тағайындайтынын айтқан.