Еурокомиссия қытайлық Temu онлайн-дүкеніне айыппұл салуы мүмкін

Еурокомиссия Қытайдың Temu онлайн-сервисі Еуроодақтың цифрлық қызметтер туралы заңын бұзған болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Брюссельдің болжамынша, платформада контрафакт және қауіпті өнімдер сатылады. Осыған байланысты Temu-ге қатысты тергеу басталған. Бұл туралы немістің Deutsche Welle басылымы хабарлады.

Тергеу кезінде Temu сервисінің дизайны да зерттелмек. Оны сынайтындар сервис дизайны сатып алуға тәуелділік тудырып, жоспарламаған шығынға итермелейтіндей етіп жасалған деп санайды.

Еуропа комиссиясы төрайымының орынбасары Маргрете Вестагер Қытай компаниясын сервисте сатылатын өнімнің Еуроодақ стандарттарына сәйкестігін, тұтынушыларға зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге шақырды.

Temu компаниясы Еуроодақ билігімен бірге жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Қытай компаниясы "мақсатымыз – тұтынушыларға қауіпсіз және сенімді нарық құру" деді.

Temu онлайн-сервисі Қазақстанда да танымал. Онда киім, электроника, үйге керек-жарақ заттар сияқты көптеген тауар түрі сатылады.