- Қазақстанның Грузияда энергетика, қаржы саласы, сондай-ақ сауда және туризм саласында инвестициялық жобалары болған. Ондағы жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты жобалар қазір тоқтап қалды. Әрине, бұл Қазақстан үшін де, Грузия үшін де тиімсіз. Алдағы уақытта Ресей Қазақстанның Грузиямен неғұрлым аз байланыс жасағанын қалап, қысым жасай бермек. Қазақстанға ендігі кезекте Грузиядағы инвестициялық жобаларын қайта қарастыруға тура келетін шығар, - деген болжам айтады Орталық Азия экономикалық стратегиялар институтының сарапшысы, экономист Бақтияр Бақасұлы.
Әйтсе де, Грузиядағы ірі энергетикалық активке ие «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин әлі күнге дейін көрші елдердегі қарым-қатынастың өршуінің компанияға ешқандай кері әсер болмағанын айтып отыр:
- Біздің компания ешқандай шығынға батқан жоқ. Қақтығыс кезінде 3-4 күн теміржол арқылы Бакудан Батумиге қарай тасымалданатын мұнай желісі тоқтап қалды. Бірақ, оның қақтығысқа ешқандай қатысы жоқ, «Қазтрансгаз-Тбилисиге» келетін болсақ, оны сатып алу кезінде газдың 40 пайызын жоғалтып алдық, бүгінгі күні біз ол шығынның 12 пайызын толтырдық.
Алайда компания басшысы егер де тиімді ұсыныстар түсетін болса, Грузиядағы активтерін сатуға да дайын екендігін айтады. Бұл тек Батумидегі жобаларға қатысты болмаса керек. Себебі, ұлттық компания басшысы қазанның 7-сі күні болған баспасөз жиынында мемлекеттің Батумидегі мұнай терминалынан бас тарту ниеті жоқ екендігін айтты.
Сонымен бірге Батумидегі астық терминалының жобасы да Қазақстан үшін маңызды жоба ретінде қала беретін сияқты. «ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, қазіргі таңда қазақстандық «Ақ бидай терминал» мен грузиндік компаниялар арасында астық экспортын салу жобасын жүзеге асыру барысында ортақ кәсіпорын құру жағы қарастырылып жатқан көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда әлемдік астық экспорттаушылардың бірі ретінде Қазақстан өзінің бидайын қымбат бағамен сата алады. Сондай-ақ, әлемдік нарыққа астығын өткізуде Ресей мен Украина сияқты астық өндірушілерге тәуелді Қазақстан аз да болса аталған елдерге тәуелділігін кемітетін еді дейді мамандар.
Дегенмен, қайткен күнде де Қазақстанның бұл оқиғада Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасын сақтап қалуда құрбандықсыз өтпегені анық. Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, Қазақстанға алдағы уақытта оған балама жолдарды қарастыруы керек:
- Қазақстан Ресейдің қысымынан кейін Грузиядағы жобаларын жауып жатыр. Ол біздің Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қайшы. Қазір «Қазтрансгаз» сияқты ірі-ірі кәсіпорындар ақырындап кетіп жатыр. Менің ойымша, Қазақстан барынша, мейлі АҚШ арқылы болсын, Еуроодақ арқылы болсын, жасалып жатқан мына Ресейдің монополиясына балама жолдар, балама құбырларға тікелей қатысып, өзі де ақша қосып, іске асыра беруі керек. Алдағы уақытта 15-20 жылда атқарылатын шаруалардың бірі Иран я Ауғанстан арқылы өтетін Үндістанға қарай, Парсы шығанағына баратын газ-құбырлары болады деп есептеймін.