Адвокаттар кәсіби қызметі үшін өздерінің қудаланып жатқандығын айтады

Адвокат Данияр Қанафин.

Жеке поштаны рұқсатсыз оқу, артынан аңду мен автокөліктен маңызды құжаттардың жоғалуы – бұл адвокаттардың тергеу барысында басынан кешетін жайттарының аз ғана бөлігі. Бұл әдетте саяси істерді жүргізу барысында кездеседі дейді олар.
АДВОКАТТАРДЫҢ ҚАРА ТІЗІМІ

Шілденің 27-і күні қазақстандық бір топ адвокат кәсіби қызметін атқарғаны үшін өздерінің қудаланып жатқандығын мәлімдеді. Олардың пайымдауынша, бүгінде «ыңғайсыз» адвокаттардың тізімі де жасалынған екен.

– Ұзынқұлақтан жеткен ақпарат бойынша, бүгінде «сенімсіз» адвокаттар тізімі бар көрінеді. Онда кәсіби біліктілігі емес, қылмыстық істі
Адвокат Гүлнар Байғазина. Алматы, 27 шілде 2009 жыл.
жүргізудегі «адалдық» қағидасы негізге алынған. Қылмыстық істі жүргізетін органдарға «ыңғайлы» қорғаушылар бұл тізімде жоқ, – дейді Алматының адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Гүлнар Байғазина.

2008 жылы сот процесінде Жақсыбек Күлекеевті қорғағаны үшін «Жыл адвокаты» атанған Сәлімжан Мусин мұның барлығының саяси астары бар екендігін айтады.

– Мен Мұхтар Әблязовты қорғауға кіріскен кезде менің электрондық поштамды бөгде біреулер ашып оқитын болды. Одан өзге автокөлігімнен қылмыстық істердің құжаттары мен телефондарым белгісіз жағдайда жоғалады. Өткен жылы менің артымнан аңдып жүрген қаржы полициясының өкілін өз қолыммен ішкі істер органдарына өткізгенім есімде. Алайда ол адамға қатысты ешқандай жаза қолданылмады, – дейді Сәлімжан Мусин.

Ол адвокаттарға тосқауыл қоятын осындай адамдарды ынталандыруы мүмкін деген ойын да ортаға салды. Сондай-ақ ол бұл қысымдар жүйелі түрде жасалатындығын айтады. «Адвокат өз қорғауындағы адаммен кездескеннен кейін өзі де жауапқа тартылып немесе адвокаттар алқасына негізсіз шағымдар түскен кездер болған» дейді адвокат Мусин.

ҚАНАФИН ӨЗ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Өткен аптада Алматы қаласының адвокаттар алқасының төралқасы «Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішевтың адвокаты Данияр Қанафиннің лицензиясын өзінде қалдыру туралы шешім шығарған болатын.

«Казатомпром» компаниясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел тергеу
Адвокат Сәлімжан Мусин. Алматы, 27 шілде 2009 жыл.
тобының жетекшісі Владимир Петровский адвокат Данияр Қанафинді «тұрғындар және әлемдік қауымдастық алдында мемлекеттік органдар мен ҚР қолданыстағы заңдарының беделін түсірді» деп айыптап, адвокаттар алқасына Қанафиннің адвокаттық лицензиясының күшін жою туралы ұсыныс жасаған-ды.

Оның алдында адвокат Данияр Қанафин ҰҚК-нің қызметкерлері заң талаптарын бұзып отыр деп мәлімдеп, өзінің қорғауындағы Мұхтар Жәкішевке жолығуға рұқсат бермеген комитет тергеушілерінің ісіне наразылық білдірген еді.

Алматы адвокаттар алқасының төрағасы Кенжеғалы Қашегеновтың сөзіне қарағанда, ҰҚК-нен келген хат мұқият зерттеліп, Қанафиннің адвокаттық қызметі одан әр жалғаса беретіндігі жайлы шешім шығарылған.

– Өйткені, адвокаттың іс-әрекетінен ешқандай заң бұзушылық анықталмады, – дейді адвокаттар алқасының төрағасы.

Қазіргі таңда Қазақстанда үш жарым мыңға жуық адвокаттың 700-ден астамы Алматыдағы адвокаттар алқасында тіркеуде. Алқаның төрағасы Кенжеғалы Қашегеновтың сөзіне қарағанда, адвокаттарды лицензиясынан айыру туралы өтініш әдетте соттан түседі. Әйткенмен соңғы 5 жылда 1 ғана адвокат өз қызметін жүргізу құқынан айырылған, оның өзі алқа мүшелерінің ұсынысымен болған.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯСЫ БАР» ІСТЕРГЕ АДВОКАТТАРДЫ ЖІБЕРМЕУ ҮРДІСКЕ АЙНАЛДЫ

Алматы қаласының адвокаттар алқасы ұлттық қауіпсіздік органдарының мемлекеттік құпиямен байланысты істерге адвокаттарды жібермеуін заңсыз деп санайды.

– Бұл тек Қазақстанның заңнамалық актілерге ғана емес, қылмыстық істерді әділ өткізуге қатысты халықаралық міндеттеріне де қайшы келеді, – дейді адвокат Набира Неясова.

ҰҚК мемлекеттік құпия құжаттармен жұмыс істейтін адвокаттарға бірқатар талаптар қояды. Олар: адвокаттың жеке өміріне қол сұғу, адвокаттың келіссөздері мен хат алмасуын құпияда ұстау мен оның ҚР шекарасын асуы туралы бірқатар құқын шектейді. Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені адвокат конституциялық құқы мен азаматтың заңды мүддесін қорғау, сондай-ақ адвокаттық құпиясын сақтауға міндетті дейді адвокаттар.

Алматының адвокаттар алқасы «мемлекеттік құпия» деген желеумен адвокаттарды істен заңсыз шеттету практикасын доғаруды талап етіп отыр.

Тергеушілер дәл осындай негізбен ҰҚК-нің абақтысында қамауда отырған Мұхтар Жәкішевтің ісіне оның адвокаты Данияр Қанафинды екі айдан бері қатыстырмай отыр.