Зейнеткер сотта жеңілді, ал Жасарал Қуанышәлин сайлаудан бас тартты

Зейнеткер Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинге қарсы сотта. Алматы, 29 шілде 2006 жыл.

Жұма күні Алматы қаласының Медеу аудандық соты «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлинге қатысты қылмыстық істі уақыты өтіп кеткендіктен тоқтату туралы шешім шығарды.

Қуанышәлинге қатысты қылмыстық іс оның осыдан төрт жыл бұрын берген сұхбатына байланысты қозғалған еді. Шағым иесі Сейіткерім Қожаназаров саясаткерді 2006 жылы тамыз айының 8-інде «Эпоха» газетінде жарық көрген «Законы пишутся не для Назарбаева» атты сұхбатта айтылған төрт сөйлем үшін айыптаған.

ТӨРТ СӨЙЛЕМНІҢ ДАУЫ

Сейіткерім Қожаназаровтың шағымына себеп болған мына сөйлемдер:

1. «Режимге қолайсыз адамдарға қарсы шағымданушы ретінде бұл адамды керек уақытысында тартып жатқаны турасында жай күдік бар» («Просто есть подозрение, что этого человека привлекают в нужное время, чтобы он выступил в лице заявителя против неугодных режиму людей»)

2. «Өткен жылы оның өзі (Сейіткерім Қожаназар – ред.) Назарбаевты әшкерелеген Заманбек Нұрқаділовке қарсы арыз түсіргенін мойындады»
Жасарал Қуанышәлин Медеу аудандық сотында. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл.


3. «Естуімше, Сейіткерімнің руы, тіпті, шапырашты көрінеді, яғни Назарбаевтың туыстасы» (сородич).

4. «Бірақ бұл адам, сотта естігеніміздей, шекара туралы бос әңгіме айтты...сандырақ».

Мамандығы бойынша мұғалім, қазір зейнеткер Сейіткерім Қожаназаров мұндағы «шапырашты», «сандырақ», «бос әңгіме» деген сөздердің сөйлемге ар-намысты таптайтын мағына беріп тұрғанын дәлелдемек болды.

Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинді Қылмыстық кодекстің 129- бабының 2-бөлімі және 130-бабының 2-бөлімі бойынша, яғни ғайбаттап, қорлады деп айыптап отыр. Шағым иесі айыпталушыдан моральдық шығын ретінде 55 мың АҚШ доллар көлемінде өтемақы өндіріп беруін соттан сұраған еді.

Қуанышәлин өзінің кінәсіз екендігін дәлелдемек болып, қарсы шағым жазған, бірақ кейін оны қайтарып алды.

СОТ БІТТІ, БІРАҚ ҚУАНЫШӘЛИН САЙЛАУҒА ҚАТЫСПАЙДЫ

Алайда қаңтар айының аяғында Сейткәрім Қожаназаровтың Қуанышәлинге қарсы екінші мәрте шағым түсіргендігі белгілі болды. Сөйтіп, көктемдегі президент сайлауына түспек болған Жасарал Қуанышәлинге қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалып шыға келді.

Медеу аудандық сотының судьясы Дәулет Әбдіхалықов ақпанның 11-і күні осы екі істің біріктірілгендігі және оның
Медеу аудандық сотының судьясы Дәулет Әбдіхалықов. Алматы, 8 ақпан 2011 жыл.
тоқтатылғандығы туралы шешім шығарды. Өзінің жазықсыз екендігін айтқан Жасарал Қуанышәлин соттың шешімін заңды деп отыр.

Сот процесі аяқталғанан кейін Азаттық тілшісінің «Енді президент сайлауына қатысасыз ба?» деген сауалына Жасарал Қуанышәлин үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді:

– Мен заңсыз әрі мән-мағынасыз сайлауға қатыспаймын. Сайлаудың заңсыз болатын себебі - президент Нұрсұлтан Назарбаев қарсыластары дұрыстап дайындалмауы үшін бәрін жасап бақты, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

Ал шағымданушы Сейіткерім Қожаназаров сотта сөйлеген мамандар шын мәнісінде Қуанышәлиннің жақтаушылары екендігін айтып, наразылық білдірді.

Сейіткерім Қожаназаров жұма күнгі соттың шешімін қайта қарауға тағы да шағым жазатындығын айтты.

Естеріңізде болса, Сейіткерім Қожаназар 2006 жылы Жасарал Қуанышәлинді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ар-намысына нұқсан келтірді» деп айыптаған еді. Жасарал Қуанышәлин ол іске байланысты екі жылға бас бостандығынан айырылып, бірақ сол кезде жарияланған амнистияға ілініп, босатылған.

2010 жылы желтоқсанның 9-ы күні де осы іске байланысты сот процесі өткен еді. Сол күнгі жиында Жасарал Қуанышәлин бұл айыптың да саяси астары бар болуы мүмкін екенін жеткізген.