Алып ақындар жырларын жатқа айтатын алты жасар Хадиша әртіс те, президент те болғысы келеді

6 жасар Хадиша қазақ ақындарының өлеңдерін оқудан жалықпайды. 2010 жыл, 25 ақпан.

Қазақ ақындарының інжу-маржан өлеңдерін үш жасынан құлағына құйып өскен Хадиша Бақбергенқызы қазір олардың жиырмаға жуығын жатқа біледі. Биыл ол бірінші сыныпқа барған. Тілі шыға бастағаннан-ақ ақындар әлеміне жетелеген әкесі Бақберген сәбиінің ана тілінің құдіретін танып-біліп өсуін ойлағанын айтады
Кішкентай Хадишаның мәнерлеп оқыған өлең-жырлары мен әкесі екеуінің Азаттыққа айтқан әңгімесін осы арадан тыңдай аласыздар

БАЛАУСА ҮНМЕН ЖЕТКЕН ЖЫРЛАР

Ана құрсағында тоғыз ай толық жетіліп үлгермей, жеті айлығында жарық дүниеге асыққан Хадиша қазір алты жаста, ол Алматыдағы Бөлтірік Атханұлы атындағы № 36 мектеп гимназиясының бірінші сыныбында оқиды.

Оқушы Хадиша қазақ ақындарының інжу-маржан жырларымен әкесінің арқасында танысқан, алдымен Абайды таныған, Мағжан мен Мұқағали өлеңдерін жаттап алған
– Мен ең алғаш қысқа өлеңдер жаттадым, «мысық отыр партада» деген сияқты. Содан кейін әкем Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін үйретті.
Хадиша Бақбергенқызы қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа біледі және мың бұралып билейді. наурыз, 2009 жыл.


«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге...», – дейді кішкентай сұхбаттасымыз.

Әкесі алпысқа жақындағанда көрген кенже қызының тәрбиесімен өзі тікелей айналысатынын айтады. Ғибраты мол өлең жырларды жатқа білу баланың көңіл көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, оны ана тілінің құдіретін терең танып-біліп өсуіне ықпал етеді деп білген әке қызы әріп танымай тұрғанда- ақ өлең жырларды жаттатқан.

– Мен тез зуылдатып оқи алмаған кезде, әкем маған оқып отырады мен соны қайталап жаттап аламын. Қазір кейде өзім оқимын, түсінбеген жерімді әкемнен сұраймын. Маған көбіне қазақ халқы туралы өлеңдерді жаттаған ұнайды, – деген ол Мағжан Жұмабаевтың бір өлеңін оқып берді:

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!..».

ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ - ӨЛЕҢДЕ

Хадиша – отбасының кенжесі. Оның Таңшолпан есімді әпкесі бар. Бақберген Шүкірбайұлы, үлкен қызымен арасы 11 жас болғандығына қарамастан араларында кикілжіңдер болатындығын жасырмайды. Дегенмен «біз оны бейбіт жолмен шешуге тырысамыз» дейді Бақберген Шүкірбайұлы.

Алты жасар Хадиша әкесі Бақберген Шүкірбайұлымен бірге. Алматы, 25 ақпан 2010 жыл.
«Ондай кезде мен Хадишаның ерке бала екендігін еске саламын. Хадишаның айтқанын бәріміз тыңдауымыз керек. Хадишаның айтқаны әр уақытта дұрыс болуы керек. Ақылы бар бала өсе келе өзінің дұрыс жағын да, бұрыс жағын да біледі. Бірақ баланың жас уақытында көңілін қайтармай, ренжітпей тәрбиелеу керек», - деген әкесінің сөзін Хадиша: «Әкем мені жанына алып жүреді, анам ұрысқан кезде әкемнің жанына барып аламын, ол маған ұрысқызбайды», – деп жалғастыра жөнелді.

– Қазір бірінші сыныптың кітаптарында жақсы тақпақтар бар, бірақ кейбіреулерінің тәрбиелік мәні әлсіздеу. Ал Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов сияқты ақындар өлеңдерінің айтары көп. Мен қызыма әрдайым «жаттаған өлеңдеріңді үнемі қайталап жадыңнан шығарма!» деп айтамын. Өйткені, ол – өзіңнің қорың. Біздің өлеңдерде қаншама тамаша сөздер бар, - дейді Хадишаның әкесі.

Хадиша жеті, сегіз тіпті он шумақ өлеңдерді жатқа біледі. Оларды есте сақтау үшін бастысы - өлеңнің мағынасын түсіну маңызды дейді Хадишаның әкесі.

– Мен ең әуелі шумақ-шумағымен оқимын, сосын өзім талдап беремін. Сосын қызыма қайталатқанымда ол жаттай бастайды. Әбден жаттап болған соң өлеңнің мазмұнына көңіл бөліп оқуға үйретемін, – дейді Бақберген Шүкірбайұлы.

Сөз арасында Хадиша өзінің арманы әртіс әрі президент болу екендігін айтқан еді.

– Мен танымал болу үшін әртіс болғым келеді. Содан кейін президент болғым келеді. Президент қазақша сөйлейді. Мен президент болғанда барлығына айтып қазақ тілінде көп кітап шығартар едім. Сосын барлық балаларды қазақ тіліне үйретер едім, орыстарды да, – дейді алты жасар Хадиша.