Бір топ ақпарат құралының өкілі журналистерді аккредитациядан өткізу туралы жаңа ережедегі нормалар сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына қайшы деп мәдениет және ақпарат минисрлігін сотқа берді. Журналистердің шағымын Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қабылдады. Бұл жөнінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы хабарлады.
Мәселе министрліктің "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесін" бекіту туралы жаңа бұйрығы жөнінде болып отыр.
"Басты мәселе – аккредиттелген журналистің мемлекеттік органдардан алынған ақпаратты журналисті аккредиттегеннен басқа кез келген БАҚ арқылы таратуына тыйым салатын тармақ болып отыр. Бұл шарт екі рет бұзылса, журналист алты айға дейін аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Талапкерлердің пікірінше, бұл талап Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 39-баптарына және ҚР «Масс-медиа туралы» Заңына қайшы келеді, олардың ақпаратты еркін алу мен таратуға конституциялық құқығын шектейді" деп жазылған "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының хабарламасында.
"Әділ сөз" сотқа шағым түсірген журналистерге құқықтық қолдау көрсетеді.
Қор президенті Карла Жаманқұлованың сөзінше, "Құқықтық актілер туралы" заңға сәйкес, құқықтық актілер ресми жарияланған күннен бастап 60 күнге дейін күшіне ене алмайды, ал "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесін" қабылдау кезінде осы ереже бұзылған.
Шағым түсірушілердің пікірінше, ресми хабарламалар аккредитацияға қарамастан барлық журналистке берілуі керек.
"Ақпаратты аккредиттеу туралы өтініш берілген бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жариялау туралы талап журналистік қызмет еркіндігін шектеп, ақпаратқа тең қолжетімділік қағидасын бұзуы мүмкін. Бұл шарт мемлекеттік органда аккредитациясы бар және аккредитациясы жоқ журналистердің теңсіздігін тудырады. Оларды әртүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпаратты еркін тарату мүмкіндігінен айырады. ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына, оның ішінде ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген" деп жазылған "Әділ сөз" хабарламасында.
Шағымға қол қойған журналистердің бірі, "Власть" сайтының Астанадағы бюросының жетекшісі Тамара Вааль "мемлекет брифингтерде таратылған ақпарат халық арасында барынша кең таралуына мүдделі болуы керек" деп санайды.
"Адамдардың жаңалықты оқу әдеті сан алуан: бірі газет оқиды, енді бірі әлеуметтік желіні қарайды. Мемлекет ақпарат тарату арналарын шектемей, мүмкіндігінше көп адамға [ақпарат] жеткізуді сұрауы керек. Анонимді арналар қаптаған уақытта кәсіби журналистердің авторлық контентіне шектеу қою – ақымақтық. Сот біздің пайдамызға шешіліп, қоғамға ешқандай пайда әкелмейтін және кәсіби журналистердің жұмысын қиындататын бұл қисынсыз талап жойылатынына сенімдімін" деді Тамара Вааль.
Шағым түсірушілер мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен бұйрықтың кейбір тармақтарын заңға қайшы деп танып, оның күшін жоюды талап етеді.
Биыл шілде ортасында мәдениет және ақпарат министрлігі журналистерге қандай да бір шараға аккредитация беру-бермеу тәртібі жазылған жарлық жобасын жариялаған. 20 тамызда жарлық күшіне енді. Құжат іс-шара өткізу тәртібін бұзған БАҚ өкілдерін шараға жібермеуді, сонымен бірге журналистерге мемлекеттік органдардан алған ақпаратты аккредитациясы бар басылымнан тыс жерде таратуға тыйым салады. Құжатқа сәйкес, аккредитация беруші ұйым іс-шара өткізу тәртібін өзі бекітеді.
Осыған дейін журналистердің кейбірі жаңа тәртіп бекітілген соң мемлекеттік органдар мен шенеуніктерден алған мәліметті әлеуметтік желілерге жариялай алмай қаламыз ба деп қауіптенген. Бұған қоса, БАҚ өкілдері модератор кез келген сұрақты жарамсыз деп танып, оны да шара тәртібін бұзуға жатқыза ма деп сескенген. Медиа сарапшылар жарлық жобасын «цензура» деп атады.
Қыркүйек айында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер жұмысына байланысты жаңа ереже бойынша пікір білдіріп, мемлекеттік органдардың бәрі өз қызметі туралы айтуға мүдделі, сондықтан драма жасаудың қажеті жоқ деп мәлімдеген.
Жаңа қағидалардан соң үкімет үйінде өзгеріс болып, журналистерді министрлер кабинеті отырыс өткізетін қабатқа кіргізбейтін болды. 27 тамызда үкіметтің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін төменгі қабаттағы баспасөз орталығына көшіріп, отырыс өтетін залға қарай көтерілуге тыйым салған.
Қыркүйектің басында Press.kz интернет басылымының Астанадағы тілшісі Жәния Ұранқаева министрлер кабинетінің отырысы өтетін үшінші қабатқа көтеріліп, сол үшін жыл біткенше үкімет үйіне кіру құқынан айырылған еді. Құқық қорғау ұйымдары мәселеге араласқаннан кейін шамамен екі аптадан соң журналист үкімет үйіне кіруге қайта рұқсат алды.
Қазақстан «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымының индексінде әлемнің 180 елі арасында 142-орында тұр.
ПІКІРЛЕР