Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев "жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына тиісті бақылау жасамағаны үшін" Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс жариялаған.
Қазанның басында Қарағанды облысы Саран қаласында он жыл бойы салынып, биыл іске қосылған орталық қазандық істемей қалып, 160-тан астам үй жылусыз қалған. Кейін қаладағы үйлерге жергілікті қазандықтардан жылу беріле бастаған. 29 қазанда облыс әкімі Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовты қалада "жылыту маусымы кезінде жіберген олқылығы үшін" қызметінен босатқан.
Қазақстанда жылу орталықтарында жиі апат болып, тұрғындар жиі жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеген. Алайда биылғы қыста да бірқатар өңірлерде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шықты.
Былтыр қараша соңында Екібастұз жылу электр станциясында ірі апат болып, содан кейін елде жылу желілерінің әбден тозғандығы және инфрақұрылымдарды жаңалау үшін тарифтерді көтеру қажеттігі айтылған. Үкімет 2022 жылы желтоқсанда елдегі барлық 37 ЖЭС-тің 19-ы тозудың "қызыл" деңгейінде, 11-і "сары" деңгейде деп мәлімдеген еді. Тек жеті орталық "жасыл" аймақта қалды.
ПІКІРЛЕР