Accessibility links

Жылдар бойы арыз-шағымы қаралмағанына наразылар бас прокуратурамен соттасып жатыр


Қазақстан бас прокуратурасы. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.
Қазақстан бас прокуратурасы. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.

Қазақстанда он адам Бас прокуратураны өзінің тікелей қызмет міндетін орындамай отыр деп сотқа берді. Арыз иелері елдегі заңдылықты қадағалауға қойылған негізгі мемлекеттік орган заң бұзу оқиғаларына көз жұмып отыр деп, шенеуніктерді қызмет міндетін атқаруға мәжбүрлеп көндіруге талпынып отыр. Бұл арыз қаралған сот процесіне БАҚ өкілдерін қатыстырмады.

"Настоящее Время" арнасының түсірілім тобы процеске қатысуға алдын ала рұқсат сұрап өтініш берсе де, журналистерді сот залына кіргізбей қойды.

Бірнеше топқа бас біріктірген бұл азаматтар Бас прокуратураға қарсы талап арыз бермес бұрын бірнеше жыл бойы әділетке жетем сергелдеңге түскенін, бірақ мақсатына жете алмағанын айтты. Олар ондаған сот процесін бастан өткерген, мемлекеттік органдарға жүздеген арыз-шағым жазған.

Павлодарлық Серік Беглановтың студент ұлы оқудан тыс кезде құрылыста жұмыс істеп жүріп мерт болған. Полиция жас жігіттің өліміне кінәлілерді әлі күнге тапқан жоқ. Жұмыс беруші жауапкершіліктен құтылып кеткен. Бұл іс бойынша тергеу барысын қадағалауға тиіс болған бас прокуратура түк істеген жоқ деп шағынды марқұм студенттің әкесі.

"Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары басталған 2016 жылдан бері заң талаптары бірнеше рет бұзылды. Және де олар әлі күнге дейін қаралған жоқ, құқықтық баға берілмеді. Конституцияда біз, Қазақстан Республикасы азаматтары арыз-шағымын айтып, жеткізуге құқымыз бар екені жазылса да, бас прокурордың қабылдауына кіре алмай жүргеніме жеті жыл болды", — деді Серік Бегланов.

Бас прокуратураның ресми сайтында жарияланған ақпаратта бас прокурор Берік Асылов пен оның орынбасарлары азаматтарды ай сайын жеке қабылдайды деп жазылған. Бірақ қазір Бас прокуратурамен соттасып жатқан адамдардың көбі қанша мәрте талпынса да, бірде бір рет ондай қабылдауда болып көрмегенін айтып отыр.

Өскемендік Гүлсара Қамзина өз басынан өткен жайтты баяндап берді. Айтуынша, ақша керек болып, банктен 4 мың доллар несие алған, біршама уақыттан кейін банк оның төрт бөлмелі пәтерін алып қойған. "Қарыз үш долларды мерзімінде қайтармағаныма бола" деді ол.

"Олар прокуратураның наразылығын елемей, тапаншадан атып есігімді бұзды. Қалалық прокуратура мені қолдады. Бірақ, оның наразылығына қарамастан, пәтерімізге 15 ер адам баса-көктеп кіріп, қыстың көзі қырауда бізді бүкіл жүгімізбен қоса шығарып тастады. Кәмелетке толмаған баланы ішкиімшең қуып шығарды. Және де олар осының бәрін заңды деп айтты!" — деді Гүлсара Қамзина.

Ол түрлі құзырлы органға шағым айтып барғанымен, әр кез шенеуніктердің "көмектесеміз" деген құр уәдесінен басқа ешқандай қайран болмағанын айтты. Ақыр соңында бас прокуратураға жүгінген екен. Ол мекеме істі қарамапты.

Талап арыз иелерін заң кеңесін беріп жүрген Сергей Ли де елдегі заңдылықты қадағалаушы мемлекеттік органның жұмысына наразы. Ол осы мекемеден өзі де көмек сұрағанын айтты. Сергей Ли бизнесін дамытуға деп банктен несие алыпты. Банк кепілге қойылған мүлік құнын өз бетінше жүз есе қымбатқа бағалаған деді ол. Қазір енді банк кәсіпкердің, оның бұрынғы әйелі мен кәмелетке жасы толмаған балаларының мүлкін алып қоймақшы.

"Бұл кепілге қойылмайтын мүлік екенін өте оңай дәлелдей аламын. Бірақ сол мүлікке кіре алмай жүргеніме көп уақыт болды. Біз талап-арызымызда Бас прокуратураның әрекетін жарамсыз деп тануды және мемлекеттік мекемені, Бас прокуратураны біздің арыз-өтініштерімізді қарауға міндеттеуді сұрадық", – деді Сергей Ли.

Сотта Бас прокуратураның өкілі арыз иелерінің талабына келіспейтінін айтты. Ал 2024 жылы маусым айында бизнес қауымы өкілдерімен кездескенде бас прокурор Берік Асылов "бұдан былай кәсіпкерлер алдын ала кезекке жазылып, тіркелместен арыз-өтінішін маған тікелей айтып, дереу жауап алуына болады" деп мәлімдегенін хабарлаған сол кезде Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

"Президент кәсіпкерлік саласында және инвестицияны қолдау мәселелерінде заңдылықты қамтамасыз етуде Бас прокуратураға маңызды роль жүктеді. Және біздің ортақ міндетіміз – еліміздегі бизнес жүргізу және инвестиция салу процесін барынша адал, ашық етіп, әкімшілік кедергілер мен коррупцияны жою", – деп мәлімдеген Асылов.

XS
SM
MD
LG