Accessibility links

Өзбекстанда президенттің бұрынғы баспасөз хатшысына белгісіз біреулер оқ атты


Комил Алламжонов.
Комил Алламжонов.

26 қазанға қараған түні Өзбекстанның Ташкент облысы Кибрай ауданында белгісіз біреулер Range Rover көлігіне бірнеше рет оқ атқан. Азаттықтың Өзбек қызметінің дереккөзінің хабарлауынша, көлікте Өзбекстан президент әкімшілігінің бұрынғы өкілі, президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Комил Алламжонов пен оның жүргізушісі болған. Екеуі де зардап шекпеген деп айтылады.

Оқиғаға қатысты "Қасақана өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"26 қазанда сағат 1:40 шамасында Ташкент облысы Қибрай ауданындағы Ифор көшесінде белгісіз екі адам жүргізуші Range Rover көлігіне бірнеше рет оқ атып, ізінше жасырынып үлгерген" деп хабарлады Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бас прокуратура хабарламасында көлікті С. С есімді жүргізуші айдағаны жазылған, ешкім зардап шекпеген. Қандай қару түрінен оқ атылғаны да айтылмайды.

Аймақта жедел-іздестіру жұмыстары жүріп жатқаны хабарланды.

Кибрай ауданында тұратын тұрғындардың бірі атыс болған орында төтенше жағдай режимі енгізілгенін хабарлады. Оның сөзінше, оқиға орнына ішкі істер органдарының нөмірі бар көп көлік келген, кейбір көшелер жабылған.

Әлеуметтік желіде Кибрай ауданындағы көшенің жабылғаны жөнінде ақпарат шықты.

Азаттықтың дереккөзінің хабарлауынша, Алламжонов отырған көлікке Макаров тапаншасынан бес рет оқ атылған.

"Мотоцикл айдаған екі белгісіз адам жолдың бойында тасада тұрып Алламжоновтың көлігін тосқан, ізінше бес рет Макаров тапаншасынан оқ атқан, артынша жасырынып үлгерген. Алламжонов пен оның жүргізушісі зардап шекпеген, бірақ көлікте оқ іздері қалған. Қазір барлық камералардан жазбалар алынып, шабуылдаушылардың аты-жөні анықталып жатыр" деді Азаттықтың Өзбек қызметінің дереккөзі.

Комил Алламжонов қыркүйектің соңында президент әкімшілігінен кеткенмен ол әлі де президент Мирзияев командасындағы адамдардың бірі саналады деді дереккөз.

Ол бұрын президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, президенттің баспасөз хатшысы, ақпарат және коммуникация агенттігінің директоры қызметтерін атқарған.

40 жастағы Комил Алламжонов 30 қыркүйекте президент әкімшілігіндегі ақпарат саясаты департаментінің жетекшісі қызметінен кететінін және бизнеспен шұғылданатынын айтқан. Алайда ол жоспарының жай-жапсарын айтпаған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің журналистік зерттеуінде Комил Алламжоновтың да аты аталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG