Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дерегі бойынша, өткен тәулікте (27 қараша) Қазақстанда Covid ПТР тестімен анықталған 826 адам, ал оған ұқсас пневмониямен ауырған 184 адам тіркелген. Екеуін қосқанда бір тәулікте 1010 науқас тіркелді. Жаздан бері науқастардың тәуліктік өсімі 1 мыңға жетпегей келген еді.
Аймақтар бойынша қарасақ, індет Шығыс Қазақстан (Covid-пен 145 адам тіркелген), Павлодар (117 адам), Солтүстік Қазақстан облысы (119 адам), Қостанай (77 адам), Ақмола (74 адам) облыстарында және Алматы (84 адам), Нұр-Сұлтан (73 адам) қалаларында өршіп тұр.
Басқа аймақтардағы эпидемиялық жағдай біршама тұрақты:
Атырау облысында коронавирус инфекциясы нақтыланған 15 адам тіркелді.
Қарағанды облысы – 22 адам,
Батыс Қазақстан облысы – 43 адам,
Алматы облысы – 23 адам,
Шымкент қаласы – 6 адам,
Жамбыл облысы – 15 адам,
Ақтөбе облысы – 6 адам,
Түркістан облысы – 4 адам,
Маңғыстау облысы – 3 адам.
Өткен тәулікте Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмеген.
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен тәулікте Covid-тен 660 кісі, соған ұқсас пневмониядан 60 кісі жазылып шыққан.
Жалпы наурыздан бері 130 039 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, 1 тамыздан бергі санақ бойынша, 41 940 адам белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан.
Қазақстанда індет ахуалы қандай?
27 қарашада Нұр-Сұлтанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен вице-министр Ажар Ғиният брифинг өткізді. Жиында не айтты?
- Елде қазанмен салыстырғанда қарашада вирус жұқтырғандар 3,7 пайызға өскен. Елде эпидемологиялық жағдай "қиындап барады".
- Цойдың сөзінше, қазіргі жағдайға қарап желтоқсан-қаңтарда карантин шаралары күшеюі мүмкін. "Барлығы жағдайды қаншалықты бақылауда ұстағанымызға байланысты" деді Цой.
- ШҚО, СҚО. Павлодар, Қостанай, Ақмола облысы қауіпті "қызыл аймақта". Елде вирус жұқтырғандардың 70 пайызы осы бес облыста. Алматы қаласы қауіп орташа деп есептелетін "сары" аймақта. Ал қалған аймақтар қауіп деңгейі төмен "жасыл аймақта".
- Министрлік ШҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола облысында вирус жұқтырғандар статистикасында кейбір науқастар енбей қалғаны анықтаған. Қазір басқа облыстарда да тексеру жүріп жатыр. Бұған дейін Қазақстан президенті Тоқаев кейбір облыстарда вирус жұқтырғандардың нақты санын жасырып отыр деп сынаған еді.
- ШҚО вирус жұқтырғандар саны бойынша елде бірінші орынға шықты. Бірақ Цойдың айтуынша, бұл аймақта кейінгі күндері вирус жұқтырғандар саны азайып келеді.
- 26 қарашадағы жағдай бойынша, елде инфекциялық ауруханаларда 15 мың төсек-орын бар. Қазір вирус жұқтырған 3276 науқас емделіп жатыр. Яғни, инфекциялық ауруханалардағы орындардың 22 пайызында науқастар жатыр. Карантиндік стационарда 6886 төсек орынның 3,8 пайызы бос емес (264 төсек). Цой "жағдай қиындаса 51 мың төсек орын дайындай аламыз" дейді.
- Шетелден ұшақпен келетіндер арасында вирус жұқтырғандар саны азайып келеді.
- Цойдың сөзінше, елде наурыздан бері 4 миллионнан астам ПТР тест алынған. Күн сайын елде 40 мыңдай тест алынады.
- Ресми дерек бойынша, елде індетке шалдыққандар 171 мыңға жуықтады. 146 мыңдай адам аурудан айықты. 2,5 мыңнан аса адам қайтыс болды.
ШҚО науқастар саны жағынан республика бойынша бірінші орынға шықты
Шығыс Қазақстан облысында наурыз айынан бері 15 911 адамға коронавирус жұққан. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өткен тәулікте 170 адамнан коронавирус анықталды.
Облыста соңғы бір айдан астам уақыттан бері вирус күшейіп тұр. Осыған дейін жергілікті билік облысқа блокбекеттер қойып, карантинді күшейткен. Билік "жолаушылар ағыны көп болғандықтан және тұрғындар маска режимін сақтамағандықтан" облыста індет ушықты деп санайды.
Бұған дейін облыс аумағында коронавирусты анықтайтын медицина орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болып, жолға шығу үшін Covid анықтамасын алуға міндеттелген халық тест нәтижесін уақытында ала алмағанына шағымданған.
Коронавирустан қайтыс болғандар саны жағынан облыс Нұр-Сұлтан (329), Алматы қалалары (323), Қарағанды облысынан (284) кейін төртінші орында тұр. Мұнда 13 наурыздан бері 281 адам Covid-тен қайтыс болған.
Аймақта қанша адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны жайлы жаңа ақпарат жоқ. Билік аймақтағы коронавирус пневмониясы жайлы деректі сирек жариялайды.
Бір күнде коронавирус жұққан 813 науқас анықталды, 563 адам жазылды
26 қарашада Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 813 адам анықталды. Бір күнде 563 адам жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, сәрсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (170) тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында - 117, Павлодар облысында - 107, Ақмола облысында - 76, Қостанай облысында - 75, Алматы қаласында - 74, Нұр-Сұлтанда - 71 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 129 213 адамға жетті: 115 мыңнан астамы жазылған, 2008-і қайтыс болған.
Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 41 595 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 434 адам қайтыс болған, 30 мыңнан астамы жазылған.
Бұған қоса, коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.
Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды.
ПІКІРЛЕР