Accessibility links

Грузияда оппозиция сайлаудың алдын ала қорытындысын мойындамады


"Грузин арманы" партиясының сайлауалды баннері.
"Грузин арманы" партиясының сайлауалды баннері.

Грузияда оппозициялық партия сайлаудың алдын ала қорытындысын мойындаудан және жаңа парламенттен мандат алудан бас тартты. Олар жақтастарын жексенбі күні наразылық акциясына шығуға үндеді. Оппозициялық саясаткерлердің пікірінше, сайлаудың қорытындысы бұрмаланған.

Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, жексенбі күні таңертең бюллетендердің 99%-ы өңделген. ОСК-ның ресми мәліметі бойынша, "Грузин арманы" партиясы алда келеді – оған сайлаушылардың 54,27% дауыс берген. "Өзгерістер үшін коалиациясы" 10,80% дауыс алды. Ал "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясына сайлаушылардың - 10,09%, "Қуатты Грузия" - 8,75%, "Гахария Грузия үшін" партиясы 7,75% дауыс алды.

Дегенмен Тбилиси мен елдің өзге де ірі қалаларында және шетелдегі сайлау учаскелерінде "Грузин арманы" партиясы басымдыққа ие болмаған.

"Орталық сайлау комиссиясының [көрсеткішті] қолдан жазуға батылы барғанына ашуланып отырмыз. Нәтижесі грузин халқының таңдауымен сәйкес емес. Бұл көрсеткіштер Грузиядағы бұрынғы және қазіргі сайлауларға қайшы келеді. Біз грузин халқының демократия және Еуропаға бағытын қорғау үшін барлық заңды құралдарды пайдалана отырып, әрбір дауыс үшін күресеміз. Біз ешкімнің таңдауын тартып алуына жол бермейміз" деді "Қуатты Грузия" партиясы жетекшілерінің бірі Анна Долидзе баспасөз жиыны кезінде.

"Өзгерістер үшін коалициясының" жетекшісі Ника Гварамия "Грузин арманы" партиясын "конституциялық төңкеріс жасап отыр" деп айыптады.

Жаңа парламенттегі орындардың басым бөлігін иеленген "Грузин арманы" партиясы енді жаңа президентті сайлай алады. Сайлау парламенттің алғашқы отырысы өткен күннен бастап 45 күннен кейін өтеді.

Мемлекет басшысын қарапайым азаматтар емес, сайлау комиссиясының мүшелері – парламент депутаттары, Абхазия және Аджар автономиялы республикасының жоғары орган өкілдері, жергілікті атқару органдарының мүшелері таңдайды. Дегенмен басқарушы партия қазіргі президент Саломе Зурабишвилиді импичмент процедурасын пайдалану арқылы қызметтен тықсыра алмайды. Ол үшін парламентте 100 дауыс керек.

Оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптайды. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".

XS
SM
MD
LG