Accessibility links

"Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады". Зумретай Аркинмен сұхбат


Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің директоры Зумретай Аркин
Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің директоры Зумретай Аркин

Қазан айының 24-27 күндері аралығында Босния және Герцеговина астанасы Сараево қаласында Әлемдік ұйғыр конгресі бас ассамблеясының жиыны өтті. Оған дүниенің әр түкпірінен — Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа мен Солтүстік Америкадан — барлығы жиырма бестен астам елден барған ұйғыр диаспорасы өкілдері қатысты.

Осыдан 20 жыл бұрын дүние жүзіндегі ұйғыр диаспорасының құқығын қорғау мақсатымен құрылған ұйымның алқалы шарасы үш жылда бір рет өткізіліп тұрады. Биылғы жиында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын мұсылман дінін ұстанатын түркітілдес ұлттар арасында саны жағынан ең көп байырғы халық — ұйғырлардың тағдыры негізгі тақырып болды.

Әлемдік ұйғыр конгресі бас ассамблеясының жиыны. Босния және Герцеговина астанасы Сараево, 25 қазан, 2024 жыл.
Әлемдік ұйғыр конгресі бас ассамблеясының жиыны. Босния және Герцеговина астанасы Сараево, 25 қазан, 2024 жыл.

Құқық қорғаушылар мен зерттеушілер дерегінше, 14 миллион ұйғыр мен басқа да мұсылман халықтар тұратын Қытайдың Шыңжаң өлкесінде миллиондаған адам "қайта тәрбиелеу" лагерінен өткен.

Азаттық Сараеводағы жиын қарсаңында Әлемдік ұйғыр конгресі ұйымның директоры Зумретай Аркиннен сұхбат алған еді.

– Бас Ассамблея жиынын өткізуге неліктен Боснияны таңдадыңыз?

– Боснияда да геноцид болған. Тарихымыз әртүрлі болса да, ұлтымызға қарсы жасалған жауыздық, қылмыс, дерек жинау, өтпелі және халықаралық әділдік, жауапқа тартуға талпыныс жолымыз ұқсас. Осы модельді пайдаланып, ұйғырларға геноцид қалай жасалғанын түсінуге болады.

Боснияда азаматтық қоғам ұйымдарымен әріптестік орнатып, геноцидтен аман қалған кісілермен және ғалымдармен сөйлесіп, Босниядағы қанды қырғыннан сабақ алуға тырысып жатырмыз.

Ұйғырлар мәселесі бойынша трибунал өтті. Оған Слободан Милошевичтің бас прокуроры сэр Джеффри Найс жетекшілік етті.

Босниядағы геноцид құрбандарының қазіргі жайы, әлі күнге арыла алмаған азабы жайлы ақпарат жинау керек деп есептеймін. Олар жақындарының сүйегін іздеп, жауапкершілік мәселесімен күнде бетпе-бет келеді. Көкейкесті мәселенің бірі – геноцидті жоққа шығару.

Осы факторларды ескере келе, таңдауымыз Боснияға түсті. Бұрын бұл жақта шара өткізіп көрген жоқпыз. Мұсылмандар саны басым болғандықтан, Босния басқа мұсылмандарға жанашырлықпен қарайды. Боснияны таңдаудағы негізгі себебіміз – осы.

– Баспасөз хабарламасында делегаттарға ассамблеядан шығыңдар деп, қоқан-лоқы мен қысым көрсетілген деп жазылған. Сіздерге кім қоқан-лоқы көрсетті және не үшін?

– Маусымда Бас Ассамблея жиыны Сараевода өтеді деп хабарлағалы бері көп қоқан-лоқы көрдік. Ұйым мүшелері мен жоғары қызметке сайлауға түсіп жатқан кандидаттарға қарсы жала жабу науқаны жүрді. Қытай үкіметі олардың отбасы мен жақындарын қорқытып-үркітті. Мәселен, президент болуға үміткер әріптесімізге Қытай билігінен тікелей қысым жасалды.

Мен вице-президент болуға талпынып жатырмын. Интернетте маған жала жабу науқаны басталды. Әртүрлі парақшалар жеке өмірім жайлы жалған ақпарат таратты.

Боттар мен қытайлық аккаунттардан жаппай спам-хаттар алдық. Кеше ғана әріптесіміздің электрон поштасын бұзып кірген хакер халықаралық және ұйғыр қатысушыларға шара кейінге қалды деген жалған хат жіберген. Олар тіпті, бұрынғы президентіміздің қолын пайдаланып, өтірік құжат жасаған.

Одан бөлек, Қытай елшілігі шараны өткіздірмейміз, көлік апатын ұйымдастырамыз деп қорқытты. Түркиядан шақырылмаған қонақтар жіберіп, шараның шырқын бұзуға тырысты.

(Қытайдың Сараеводағы елшісі осы мәселе жөнінде Азаттық қойған сұрақтарға жауап бермеді).

– Қытай үкіметі Еуропада қуғында жүрген азаматтарды қалай бақылап отырады?

– Олар трансұлттық репрессияға әртүрлі әдіс-амал қолданады. Бұл тактиканы сипаттауға "трансұлттық репрессия" деген термин қолданамыз. Олар Қытай елшілігі мен жергілікті ақпарат көздері арқылы сенімді тұлғаларды пайдаланады. Кейінгі жылдары ұйғыр қоғамында Қытай үкіметіне жұмыс істеп, өз халқын аңдитындар пайда болды. Бұл жағдай ұйғырлардың уайымын күшейтіп, адамдар бір-біріне сенуден қалды.

Олар сондай-ақ қытай және шетелдік тыңшылардың көмегіне жүгінеді. Мысалы, Бельгия мен Германияда жекелеген тұлғалар Қытай үкіметінің мүддесіне тыңшылық жасаған жайттар болған. Цифрлық бақылау үшін әлеуметтік желілер мен технологияларды пайдаланады.

Оның үстіне, нақты тұлғалармен тікелей байланыса алады. Қытай полициясы бізді "Белсенді іс-әрекетті тоқтатыңдар, отбасыларыңды ойлаңдар" деп қорқытты.

Мұндай қорқытып-үркітуді ашық әрі арсыз түрде жүргізіп жатыр. Әртүрлі конференцияға барғанымда, БҰҰ-дағы қытай дипломаттары ізімнен қалмай аңдып, суретке түсіріп жүрді.

Қорытындылай келе, олар адамдарды бақылауда ұстап, қорқыту үшін әртүрлі әдіс қолданады.

– Шыңжаңнан қандай ақпарат алып отырсыз? Ақпарат құралдары мешіттер сүріліп жатқанын жазды. Шыңжаңда мешіттер бар ма? Қытайдағы, Шыңжаңдағы мұсылмандар дінді еркін ұстана ала ма?

– Дін еркіндігі – кейінгі бірнеше жылда тыйым мен шектеулерге ұшыраған өмірдің маңызды аспектілерінің бірі. 2014 жылдан бері Қытай үкіметі дін еркіндігін шектеуге бағытталған бірнеше заң мен директива қабылдады.

Мәселен, деэкстремизация жайлы ереже, терроризмге қарсы күрес туралы заң бойынша, қарапайым дін ұстану, үйде намаз оқудың өзі терроризм белгісі саналады. Жұма намазға бару – қылмысқа, ал қажылық жасау – заңсыз әрекетке теңестірілді.

Жыл өткен сайын бұл шектеулер қатаңдай берді. 2017 жылдан бері 3 миллион ұйғыр мен басқа да түркітілдес халықтар өкілдері "қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне жабылды.

Қазір де жағдай аса өзгерген жоқ. Қытай үкіметі "ұйғырлардың өмірі жақсарды, олар бақытты өмір сүріп жатыр" деп көрсетуге тырысады. Бірақ бұл – шылғи пропаганда.

Кейінгі бір жылда үкімет ұйымдастырған шараларда ұйғыр бишілердің өнер көрсеткенін көрдік. Қытай үкіметі шетелдік делегацияларды, әсіресе, мұсылман елдерінен келген тұлғаларды мешіттерде қабылдап, елде дін еркіндігі сақталатындай кейіп танытады.

Бірақ қолымызда бар деректер шынайы жағдай мүлде басқаша екенін көрсетеді. Бұл шаралардың бәрі пропаганда мақсатында ұйымдастырылады.

Австралиядағы стратегиялық саясат институты бірнеше жыл бұрын кемі 16 мың мешіт бұзылғанын, 18 мың мешіттің жартысы қирап, қалғаны жартылай сүрілгенін жазған.

Бұл – алаңдатарлық жағдай. Қытай үкіметі Шыңжаңда мешіт көп дегенімен, шын мәнінде тұрғындар бар мешіттің өзіне намазға бара алмайды.

Ел астанасындағы [Пекин] жағдай сәл тәуірлеу, бірақ мұның бәрі сыртқы қысым мен пропагандалық мүдде үшін ғана. Өзіңіз айтқандай, Қытай өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып отыр.

– Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері ұйғырлар туралы неге мәлімдеме жасамайды? Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарды да қудалап отыр деген деректер бар.

– Иә, дұрыс айтасыз. Орталық Азия елдерінің үнсіздігі – үлкен сын. Өйткені бұл лагерьлерде олардың өз азаматтары да қамауда жатыр.

Бірақ "Бір белдеу, бір жол" жобасы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Қытай бұл елдерге көп инфрақұрылым салып берді. Сондықтан олар өздерін Пекиннің алдында борышкер сезінеді.

Одан бөлек, Қытай үкіметі көп елге қысым көрсетеді. Оның ішінде, Батыс елдері, Босния мен Герцеговина бар.

Өңір мемлекеттері көршісі Қытай тарапынан қандай қысымға ұшырап отырғанын елестетуге болады. Оның үстіне, Орталық Азия елдерінің өз ішінде адам құқықтарының жайы мәз емес. Оларға халықаралық аренада өз сөзін сөйлейтін серіктес керек. Қытайды жақтаса, БҰҰ-да сенімді серіктес табады.

– Батыс елдері, оның ішінде Ұлыбритания мен Германия билігі ұйғырлар мәселесіне қалай қарайды? Ұйғыр конгресінің штаб пәтері осы елдерде ғой.

– Батыс елдерінің көбі, оның ішінде Ұлыбритания мен Германия да бар, кейінгі бірнеше жылда көп қолдау көрсетті. Бұл елдерде ұйғырлар қозғалысы мықты. Парламент мүшелері ұйғырлар мәселесі бойынша ашық пікір білдіріп, адам құқықтарының тапталуын сынға алды. Бұл Ұлыбритания мен Германия үкіметіне белгілі бір деңгейде қысым көрсетеді. Сондықтан олар ұйғырларды қолдап отыр.

Бірақ экономикалық себептерге байланысты олардың көп жерде қолы байлаулы. Мәселен, Германияда әсіресе, автокөлік өнеркәсібінде экономикалық мүдде адам құқықтарынан басым түсіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Германияның Қытаймен сауда қарым-қатынасы жақсы, сондықтан адамдарды күштеп еңбекке жегу мәселесі шешілмей отыр.

Қосымша шараларды қолға алуды талап етіп келеміз, бұл мемлекеттер көбірек қолдау көрсете алар еді.

– Қытай Шыңжаңдағы кәсіби дайындық орталықтары сепаратизм, радикализация мен экстремизмге қарсы күреске көмектесті дейді. Шыңжаңдағы ұйғырлардың жағдайы қалай? Жұмысы бар ма? Билік өңірдің дамуына ақша бөле ме?

– Қытай үкіметі бұл мәселеге даму құқығы тұрғысынан қарап отыр. Олар өңірді дамытты ма? Иә, бұл факт. Бірақ олар мұны адам құқықтарын бұзып жасады. 3 миллион адамды еркінен тыс ұстап, лагерьлерге қамады.

Ұйғыр жұмысшыларын фабрикаларға жіберіп, мәжбүрлі жұмысқа жегіп жатыр. Мәжбүрлі жұмысты мемлекет міндеттейді, өйткені Қытай үкіметі жұмысшыларды осындай шартпен жалдайтын компанияларға субсидия береді. Жұмыстан бас тартқан адамдарды түрмеге қамайды немесе лагерьге жібереді.

Кейінгі жылдары ұйғырлар үрей-қорқынышта өмір сүріп жатыр. Өйткені адамдар әп сәтте ұшты-күйлі жоғалып кететін болды. Лагерьге жабу аяқ асты басталды, бірден туыстарымыздан хабар ала алмай қалдық. Ұйғыр диаспорасы отбасы мүшелерімен әлі байланыса алмай отыр. Өз басым туыстарыммен соңғы рет 2017 жылы сөйлестім, содан бері хабар жоқ.

Иә, олар өңірді дамытты, бірақ сонымен қатар адам құқықтарын бұзды. Өңірдің дамуынан кім ұтады? Ұйғырлар емес, әрине! Қытай үкіметі мен қытайлар ұтады.

Ұйғырлар арасынан шыққан зиялылар мен ғалымдар лагерьге немесе түрмеге жабылды. Кейбірі терроризм және сепаратизм бабы бойынша ұзақ мерзімді жазаға кесілді, оларға тағылған айыптардың бәрі қолдан құрастырылды. Ұйғырлар жан сақтауға тырысып, бірақ үнемі қорқынышта өмір кешіп жатыр. Алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ұйғырлардың қазіргі жағдайы – осы.

Шыңжаңда жаппай аңду жүйесі бар. 2016 жылы бақылау-өткізу пункттері болды, кейін оларды алып тастады. Оның орнына ұйғырларды Integrated Joint Operationative Platform деген қосымша жүктеуге мәжбүрледі. Бұл қосымшада барлық жеке деректер жиналады. Олардың күнделікті әдеттерінен бастап, қыл аяғы электр энергиясы мен суды қанша тұтынатынына дейін бәрі-бәрі бақылауда болады. Қытай билігі өзіне қарсы кез келген ойды тумай жатып, осылайша басып-жаншығысы келеді. Олар халықты алдын-алу шарасы ретінде лагерьге қамады. Халықаралық құқық бойынша, бұл – шектен шыққан заңсыздық.

– Бұрын Орталық және Оңтүстік Азия босқындар мекені еді, бірақ қазір жағдай өзгерді. Енді қазір ұйғырлар қайда бара алады? Экстрадиция келісімі тұрғысынан алғанда, ұйғыр белсенділеріне қай ел қауіпті саналады?

– Шыңжаңнан ұйғыр босқындардың соңғы легі 2017 жылға дейін болды. Одан кейін қуғын-сүргін күшейді, бірде-бір ұйғыр елден кете алмады, олардың төлқұжатын тартып алды. Қазір ол жақтан тікелей келіп жатқан босқындар жоқ. Бірақ үшінші мемлекеттер арқылы Еуропа, Солтүстік Америка мен Түркиядан қауіпсіз баспана іздейтіндер бар.

Бірақ Қытай ықпалы мен қысымына байланысты Түркияның өзі қауіпсіз болмай қалды. Түркияда тұратын ұйғырлар Еуропаға көше бастады. Кейінгі бірнеше жылда осындай фактілер көбейді.

– Уилсон орталығы жанындағы Қытай бойынша Киссинджер институты 1997-2022 жылдар аралығында ұйғырларға қарсы жасалған 5 мыңнан астам қорқытып-үркіту, 1 мыңға жуық ұстау, депортация және 400 шақты Қытайға экстрадиция жасау фактілері жиналған зерттеу жариялады. Қытайға экстрадицияланған ұйғырларды не күтеді?

– Оларды қорқытып-үркітіп, азаптайды. Кей кісілер ұшты-күйлі жоғалады, заңсыз ұсталады немесе түрмеге жабылады. Жоғалған адамдармен қайтадан байланыса алмаймыз.

Египет ұйғырларды көп депортациялады. 2017 жылы Египет билігі Қытайдың сұрауымен Каирде оқып жүрген ұйғыр студенттерін қайтарды. Содан бері ол студенттерден ешқандай хабар жоқ, олардың қайда екенін білмейміз. Өйткені Қытай олар жайлы еш ақпарат бермейді.

2015-2016 жылдары Камбоджа, Таиланд, Индонезия мен Малайзия да солай жасады. Депортацияланған ұйғырлар із-түзсіз жоғалып кетті. Сондықтан Германия мен Швецияда ұйғыр босқындарды Қытайға депортациялауға мораторий бар.

Ұйғыр ұйымдарының арқасында Батыс елдері ұйғыр босқындарды қорғай бастады. Бірақ депортацияланған азаматтардың ары қарайғы тағдырын білмейміз, тек оларды ең сұмдық жағдайлар күтіп тұр-ау деп болжай аламыз.

(Азаттықтың Балқан редакциясы алған сұхбат ағылшын тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG